Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге сақтандыру өтемақыларын төлеу көзделген

Жол қателікті кешірмейді. Жол апаты салдарынан жақынынан айырылған немесе ауыр жарақат алып мүгедектікке ұшыраған жандар үшін қайғының орнын ештеңе толтыра алмайды. Дегенмен, жол апатына ұшыраған оқыс жағдайда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге, қаза тапқан, дене жарақатын алған және материалдық залал келтірілген тұлғаларға ҚР-ның №446 заңымен сақтандыру өтемақы алуға мүмкіндік барын бірі білсе бірі білмес. Миллионнан астам тұрғыны бар шаһарымызда жыл басынан бері ауыр дене жарақатын салумен және кісі өлімімен аяқталған 123 жайт тіркелді. Оның ішінде 44 адам қайтыс болып, 80 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

         Қала аумағында орнатылған бейнекамералар мен жол белгілеріне қарамастан өрескел заң бұзатын азаматтар бар. Қоғамға қауіпті жүргізушілерді дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-қауіпті жүргізуші» қосымшасы іске қосылған. Сонымен қатар, кейбір тұрғындар жолдың келесі бетіне өту үшін бағдаршамға дейін жүруге ерініп, белгіленбеген орыннан асығыс кесіп өтеді.

Салдарынан, әртүрлі көлік апаттары орын алады. Осы тұста, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге, қаза тапқан, дене жарақатын алған және материалдық залал келтірілген тұлғаларға ҚР-ның №446 заңымен сақтандыру өтемақыларын төлеу көзделген.

Жоғарыда аталған заңның 24-бабына сәйкес,

— Жәбірленуші қаза тапқан кезде, яғни асыраушысынан айырылып, кәмелет жасқа толмаған балалары қалған кезде -2000 АЕК, яғни 6 миллион 360 мың теңге көлемінде қаржы төленеді;

— Жол апаты салдарынан 1-топтағы мүгедектікке шалдыққан жағдайда — 1600 АЕК;

— 2-топтағы мүгедектікке шалдықса -1200 АЕК;

— 3-топтағы мүгедектікке шалдықса- 500 АЕК;

— Жәбірленушінің мүлкіне материалдық шығын келтірілсе 600 АЕК дейін өтемақы төленеді.

         Көрсетілген қызметті жәбірленушінің өзі немесе оның өкілі тікелей сақтандыру компаниясына жазбаша арызбен жүгіну арқылы жүзеге асырады.

Қажетті ақпараттарды толығырақ сақтандыру компанияларынан білуге болады.

Ntime.kz