«Қорғау» қосымшасының көмегімен 3131 автокөлік айыптұраққа қойылған

Шаһарымызда «Сергек Қорғау- Қауіпті жүргізуші» қосымшасының іске қосылғанына 6 ай уақыт болды. Аталған бағдарламаның арқасында қала аумағында үнемі жол ережесін бұзатын жүргізушілерді дер кезінде анықтау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жарты жылдың ішінде «Қорғау» қосымшасының көмегімен 3131 автокөлік айыптұраққа қойылып, 71 мемлекеттік тіркеу нөмірі тәркіленді.

         Сондай-ақ, 7626 жол ережесін бұзу жайтына қатысқан 2217 жүргізуші анықталды. Олар үнемі заң бұзушылыққа жол бергенімен қоймай, өздеріне салынған айыппұлды төлеуден қашып жүрген.

Нәтижесінде, олардың өтелмеген қарыз мөлшері 182 миллион теңгеден асып жығылды. Оның ішінде Ресей Федерациясының — 1643, Арменияның -181, Қырғызстанның-119, Өзбекстанның-135, Қазақстанның-59, Беларуссияның- 18, Әзірбайжанның-1, Болгарияның-2 көлігі бар.

         Ал, сот орындаушыларымен жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде 1 миллион теңгеден астам өтелмеген айыппұлы бар 36 автокөлік иесі ұсталды.

Бұдан бөлек, жалған нөмір таққан 65 автокөлік жүргізушісі анықталып, хаттама толтырылды. Олар 687 жол ережесін бұзу жайтына қатысып, 19 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалаған.

         Қазіргі таңда, шаһарымызда 300 орынға «Сергек» автоматтандырылған бейне бақылау жүйесі орнатылған. Ол- жол қозғалысы ережелерін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркеумен айналысады.Аталған жүйенің көмегімен жыл басынан бері 537 415 құқық бұзушылық тіркелді. Ережені бұзғандарға қатысты 5 млрд 154 млн теңгеден астам соманы құрайтын нұсқама шығарылып, оның ішінде 447 651 нұсқама орындалды. Яғни, 3 млрд 968 млн теңге көлеміндегі айыппұл мемлекеттік бюджетке өндірілді.

Сондай-ақ, ереже бұзып, айыппұл өтеуден қашып жүрген азаматтарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 896-бабына сәйкес жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіру үшін 47 062 нұсқама жолданып, оның 22 311-і орындалды.

Жол қозғалысын бақылауға алу кезінде автоматтандырылған жүйенің қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлесі тиюде. Мұндағы басты мақсат қазынаны байыту емес, жол көлік апаттарының алдын алу. Шаһарымызда ережені ескермейтін жүргізушілердің кесірінен қайғылы жағдаймен аяқталатын апаттар орын алады. Ал, ондағы материалдық шығынды өтеуге болғанымен, қазаның орнын ешкім толтыра алмайды.

Ntime.kz