Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына жолдауында синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіріп отырғанын, соған байланысты синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс екендігін атап көрсетіп, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу жұмыстарын жандандыру тапсырылған.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері оқу жылы барысында қаламыздағы барлық жоғарғы оқу орындарының студенттерімен арнайы кездесулер өткізіп, жастар арасында есірткі қолданудың және нашақорлықтың алдын алу бойынша арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы мақсаттағы жұмыстарда тәртіп сақшылар білім беру ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізуде.
Кезекті іс-шара М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Химиялық инженерия және биотехнология» факультетінде жалғасын тапты.
Аталған іс-шараға Жедел-криминалистика басқармасының бас криминалисті полиция подполковнигі Дархан Дүйсенұлы Зияев және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Қанатұлы Карбеков арнайы барып қатысты.
Қызметкерлер студенттер мен кафедра меңгерушілеріне жастарға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың құқықтық салдары, нашақорлықтың қалыптасуы кезінде «дәріхана нашақорлығының» қауіптілігі, жаңа психоавтивті заттардың таралуы, синтетикалық есірткілердің зияндығы жөнінде толыққанды мәліметтер беріп, одан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап көрсетті.
Одан бөлек, Жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалисті полиция подполковнигі Дархан Дүйсенұлы студенттерге «Криминалистиканың қазіргі заманауи әдістері» атты дәріс оқып, криминалистика ғылымының маңызды тұстары, сараптама жүргізудің негіздері мен олардың барысы, криминалистиканың әр саласының өзіндік ерекшеліктері, заттай дәлелдемелерді алу мен оны қылмыстық іс барысында пайдалану жолдары және тағы да басқа жұмыстар бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Сонымен қатар, студенттерді жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды. Сөз соңында студенттер көкейлеріндегі жүрген сұрақтарын қойып, кеңінен жауап алып, өзара еркін пікір алмасты.