Бүгін Шымкент қаласындағы «Көрме орталығы» ғимаратында жаңа брифинг алаңы ашылды. Онда Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов баспасөз брифингін өткізді.
–Өздеріңіз көріп отырғандай бүгін жаңа брифинг алаңында сіздермен жүздесіп отырмыз. Брифинг орталығы кең залда орналасқан, заманауи жабдықталған. Журналистер қауымы емін-еркін кіріп шығуға да, кез-келген уақытта жиналып пікір алмасуға да ыңғайлы болсын деп, арнайы осы ғимараттан ашып отырмыз, – деген басқарма басшысы бұл орын журналистерге арналған ашық алаңға айналатынына сенім білдірді.
–Шымкент қаласында 245 178 жас азамат бар. Бұл қала тұрғындарының 21,7 пайызын құрайды. Қалада 8 жоғары оқу орнында 75 мыңнан астам студент 290-ға жуық мамандық бойынша білім алуда. Жыл басынан бері 32 мыңға жуық жасқа аудандық жастар ресурстық орталықтары қызмет көрсетті. Сонымен қатар түрлі әлеуметтік бағыттар бойынша 380 іс-шара ұйымдастырылып, оған 160 мыңға жуық жас қатысты. Одан бөлек Шымкент қаласы аумағында 9 ірі базардың жанынан жастар ұйымдары ашылып, бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Олардың негізгі бағыты – базарда жұмыс істейтін жастарды әлеуметтендіру мен оларды спорттық іс-шараларға қатыстыру, кәсіпкерліктерін заңдастыруға ықпал ету және шағын кәсіпкерлікті дамыту. Қазіргі таңда аталған ұйымдарға 1 874 жас мүше, – деді Мұратжан Шүкірханұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, «Шымкент қаласындағы NEET санатындағы жастар туралы» тұжырымдама әзірленіп, бекітілген. Тұжырымдамаға сәйкес, жұмыссыз жүрген 10 604 жастың тізімі жасалып, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
–Республика бойынша NEET санатындағы жастардың орташа көрсеткіші 6,6 пайыз болса, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 6,1 пайызды құрап отыр. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда NEET санатындағы жастардың үлесі 0,5 пайызға азайған. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі 34 рет ұйымдастырылып, оған 5000 жас қатысты, – деді М.Шотанов.
Оның айтуынша, жастар ресурстық орталығы жанынан «Мобильді топ» құрылып «Жастардан жастарға – ақпараттық керуен» жобасы ұйымдастырылып, шалғай елді мекендердегі 15 мыңнан астам жасқа әлеуметтік көмек көрсетіліп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Нәтижесінде 14 965 жас мемлекеттік бағдарламаға тартылыпты.
Брифинг барысында басқарма басшысы этносаралық қатынастар, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс және мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру бағыттарында атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.
«Шымкент келбеті»