Тұрмыстық зорлық-зомбылық — қоғамда жиі талқыға түсетін өзекті тақырыптардың бірі. Осы мәселеге қатысты Ішкі істер органдарының қызметкерлері түрлі профилактикалық жобалар ұйымдастырып, іс-шараларды қарқынды өткізіп келеді.
Осы ретте Еңбекші АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Ж.Тасқұлова мен А.Төребай «Жастар» және «Дағдарыс» орталықтарының қызметкерімен бірлесіп, арнайы флеш-моб өткізді.
Мұндағы басты мақсат — отбасындағы ұрыс-керіс пен түрлі жанжалдарға жасөспірімдердің қарсы екендігін жеткізу.
«Нәзікжандылардың лайықты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау, құқықтық сауаттылықтарын арттыру, бұл бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де — осы акция аясында жүзеге асады. Өкінішке қарай, бүгінде әйелдерге қатысты зәбір көрсету әлемнің барлық аймағында таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай болып отыр. Сол себепті аталған өзекті жайт туралы тек акция аясында ғана емес, күнделікті өмірде де айтылып, алдын алу керек деп ойлаймын», — деді полиция капитаны Ж.Тасқұлова.
Осы тұста тәртіп сақшылары отбасындағы жанжал салдарынан балалардың көп зардап шегетінін атап өтті. Сондай-ақ, оларға қатысты күш көрсету, кемсіту, ұрып-соғу жайттары бойынша заң жүзінде жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Айта өтетін ақпарат, республика көлемінде қолға алынған «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» іс-шарасы 10-желтоқсанға дейін жалғасады.
Сонымен қатар осы акция аясында Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері полиция капитаны Ж.Таскулова мен полиция лейтенанты А.Төребай №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмін айтып түсіндірді. Акцияның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау.