Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру жолында жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруды басты назарға алды. Осы бағытта құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін еместігін айтты. Сондай-ақ, бұған дейін аталған мәселенің шығу себебі мен жағдайларына ешкім үңілмегенін, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап, түрмеге тоғытумен ғана шектелгенін жеткізді. Президентіміз қоғамды пара алушылардан тазарту үшін жемқорлыққа жеткізетін жағдайлар мен оның түпкі себептерін анықтауды тапсырды. Осы тұста Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі тұрақты жұмыс жасап келеді.
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілуде. Осы бағыттағы кезекті кездесу 16 қарашада Шымкент қаласы білім басқармасының №19 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасында өтті.
Іс-шараға қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Жазира Әлжанова Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, онда зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департаментпен атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Іс-шара барысында Жазира Әлжанова өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасынан хабардар етіп, басты критерий — нәтижелер өңірдің азаматтары мен кәсіпкерлері үшін маңызды және пайдалы болуы екендігін атап өтті.
Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат Департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша CaII-орталыққа хабарласу қажеттігі хабарланды. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеуге қатысты толыққанды ақпарат ұсынылды.