Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі өкілі сот қызметкерлерімен кездесті.
Шымкент қаласы бойынша Соттар әкімшісінің ішкі қауіпсіздік және соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бөлімінің ұйымдастыруымен қаладағы мамандандырылған соттардың судьялары мен сот қызметкерлеріне арналған мәжіліс өтті. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Жазира Әлжанова қатысты. Мәжілісті ІҚжСЖ алдын-алу бөлімінің басшысы Еркін Сейітқұлов ашып, алғашқы сөзді Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Әлжановаға берді.
Ол өз сөзінде: «Шымкентте Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған Тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілуде. Оның негізгі бағыттары зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталған» — деді. Одан әрі ол, сот қызметкерлерін жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департамент тарапынан атқарылған жұмыстардан және өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасынан хабардар етті. Кездесу барысында бөлім басшысы Е.Сейітқұлов жергілікті соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша бөлімінің атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, ол өз сөзінде: «Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2016 жылғы 27 маусымдағы Өкімімен бекітілген «ҚР-ның сот жүйесінде ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарын пайдалану қағидасына» сәйкес смарт-карталарды пайдалану барысы қатаң бақылауға алынған. Соған сәйкес, біздің бөлім ай сайын қалалық, аудандық және мамандандырылған соттардағы ақпараттық қауіпсіздік жағдайына мониторинг жүргізіп отырады. Біз өткен қазан айында талдау жүргізу кезінде PERCO жүйесінен алынған кейбір кемшіліктер мен аталған қағида талаптарын бұзу жәйіттерінің орын алғанын анықтап, ол жөнінде жергілікті соттардың басшыларына хат жолдадық» — деді.
Мәжілісті Еркін Өтепбергенұлы қорытып, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеуге қатысты ақпаратты түсіндіріп және сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат бізге, департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша CaII-орталығына хабарласу қажет екендігін баса айтты.