Шымкентік полицейлер кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында қаладағы білім беру ұйымдарына «Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында Абай АПБ ЖПҚБ КТІЖ учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Еркін Турғанов колледж студенттеріне кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі 23.00-ден кейін көшеде ата-анасының немесе заңды өкілінің еруінсіз жүруге тыйым салынғанын айтып, жалпы түсінік беріп өтті.
Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалы мысалдар ретінде келтірілді және қылмыс істегені үшін жауапкершіліктердің түрлері түсіндірілді. Мамандар қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады.
Кездесуге қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.
Жасөспірімдердің қылмыс жасауының себептерін қарастырар болсақ, ол кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады. «Ел болам десең — бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан.