Түркістан қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен Түркістан қаласының полиция басқармасы және Түркістан қаласының жеке сот орындаушылары ағымдағы жылдың 19 тамыз және 19 қыркүйек аралығында қала аумағында «Борышкер» жедел-профилактикалық рейдтік іс-шараларын жүргізді. Іс-шараның мақсаты — әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі қаулылардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету және төленбеген айыппұлдар бойынша борышкерлерді анықтау жұмысын жандандыру.
Іс-шара аясында алимент және әкімшілік айыппұлдар бойынша ірі мөлшерде қарыздары бар борышкерлердің көліктері ұсталып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Берешектерін төлемегендердің автокөліктері айыппұл тұрағына жеткізілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 893-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 (отыз) тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Төленбеген жағдайда осы Кодекстің 894-бабына сәйкес, айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiбередi. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ҚР-ның заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi.
Қазіргі уақытта Түркістан қаласы бойынша сот орындаушылардың орындауында жалпы мемлекет пайдасына 381 млн. теңге әкімшілік айыппұлдар өндіру туралы 21 539 атқару өндірісі, сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты 875 атқару өндірісі бар.
Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде 5 автокөлік айыппұл тұрағына қойылып, 80 борышкерден 2 млн. теңгеге жуық әкімшілік айыппұл, көлік салықтары және алимент өндірілді.
Мағыналас іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылады.