Құқықбұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі кезде өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Бүгінгі таңдағы білім алудағы қиындықтар, жастар ұйымының қызметін үйлестіретін бірегей орталықтың жоқтығы, жасөспірімдердің бос уақытының шамадан тыс молдығы, олардың арасында бақылаусыздық пен қараусыздықтың болуы, тағы басқа осы сияқты жағдайлар кәмелетке толмағандар қылмыстарының күрт өсуіне негіз болып отыр.
Әрине, қай құқықбұзушылықтың алдын-алуда әуелі жалпы тәрбие, оның ішінде құқықтық тәрбие негізгі құрал болып есептеледі. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру арқылы оларды дұрыс жолмен жүруді үйретеміз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру өте маңызды.
Осы ретте Түркістан қаласы Ш.Ниязов атындағы жалпы орта мектебінде 9 желтоқсан күні «Құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында 8-9-10 сыныптардың қатысуымен кездесу болып өтті. Қалалық прокуратурадан прокурор Смаилов Марғулан, Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы аға лейтенанты Шахаев Алмат Талғатұлы, Түркістан қалалық емханасы Жастар орталығының психологы Анапия Мадина Шынасылқызы, Ортақ мешітінің ұстазы Мулланұр Надиров қатысты.
Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Р.Абдураимов сөзге шығып,мектеп оқушыларының арасында құқықбұзушылықтың алдын алу туралы,біздің мектепте құқықбұзушылықтың фактілерінің тіркелмегенін жеткізді.Мектептің ішкі тәртібі, білім алушылардың формалары туралы айтып өтті.
Мектебіміздің психологы С.Юсупова «Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында баяндама оқыды. Осы мәселеге қосымша прокурор Смаилов Марғулан құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу шаралары бойынша түсінік беріп өтті. Жарыс сөзге Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция тобының учаскелік инспекторы аға лейтенанты Шахаев Алмат Талғатұлы сөзге шығып, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу әкімшілік жауапкершілік пен қылмыстық жауапкершілік туралы баптармен таныстырды,алдын алу шараларын түсіндірді. Осы мәселеге қосымша Түркістан қалалық емханасы Жастар орталығының психологы Анапия Мадина Шынасылқызы сөзге шығып,ата-анасы баланы тәрбиелеуге ,баланы күтіп ,қолдап,оның әл-ауқатына қамқорлық жасау туралы айтып өтті. Ортақ мешітінің ұстазы Мулланұр Надировта өз ойларымен бөлісіп, оқушыларды мектепте тәртіпті болуға шақырды. Оқушылар кездесу соңында сұрақтарын қойып,жауаптарын алды.
Қылмыстық заңда кәмлетке толмағандарға арналған арнайы бөлімінің пайда болуы бұл еліміздің қылмыстық заңының жоғары даму деңгейін көрсетіп отыр. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстылықпен күресу – қылмыстылықпен күресудің басты бағыттарының бірі. Қорытындылай келгенде кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі қазіргі кезде тек криминологтарды толғандыратын мәселе емес, бұкіл халқымызды толғандыратын мәселе.