Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде айтты.
«Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды.
«Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл да – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам. Сайлау үдерісіне қоғамның түрлі өкілдерін барынша тарту үшін заңнамаға басқа да тың өзгерістер енгізілді. Мысалы, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді», деді Қ.Тоқаев.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі