Ағымдағы жылдың 23 қаңтарынан бастап елімізде шетелдік көліктерді заңдастыру науқаны іске асуда. Осы бағытта Түркістан облысының полицейлері қарқынды жұмыс жүргізуде.
Мәселен бір реттік акция барысында шетелдік көлігі бар 2400-ден астам тұрғынның өтініші келіп түсті. Оның ішінде 616 автокөлік деректер базасы бойынша тексерулерден өтті.
Соның арасында барлық талапқа сай келетін 102 шетелдік көлік құралы толық бақылаудан өтіп, соңында көптен күткен қазақстандық нөмірді алды. Осы 102 көліктің 1-еуі ғана Арменияның көлігі болса, қалғандарының барлығы Ресейге тиесілі.
Облыс тұрғындарына айта кетсек, аталмыш акция 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін өткізіледі. Тіркеу үшін көлік иесінен өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлігі, көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат қажет. Түркістан облысы бойынша Түркістан қаласы, Мақтаарал, Ордабасы, Сайрам және Сарыағаш аудандарында орналасқан автоЦондарда шетелдік көлігіңізді заңдастыруға толық мүмкіндігіңіз бар.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі