Биыл 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Қазір еліміз бойынша барлық саяси партиялар мен кандидаттар үгіт-насихаттарын жүргізіп жатыр.
Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Әмірдин Әлішевтің айтуынша, облыс бойынша барлығы 1 615 кандидат ұсынылып, олардың 1 284-і тіркеуден өткен. Оның 406-ы саяси партиялар арқылы ұсынылса, 878-і өзін-өзі ұсынғандар. Оның ішінде ең жасы 21-де, ең егдесі — 69 жаста.
- Облыс бойынша кандидаттардың сайлаушылармен кездесу үшін 330 орын белгіленіп отыр. Анықталған орындар туралы хабарламалар жергілікті БАҚ пен әкімдіктің сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, өңірде сайлау комиссиялары үшін оқыту семинарлары өткізіліп жатыр. Түркістан облысында 941 сайлау учаскесі бар. Өңірде сайлаушылардың саны 1 176 138 адамды құрайды. Үгіт-насихат жұмыстары 18 наурызға дейін жалғасады. 18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурызда сайлау өтеді, — деді Әмірдин Мұхиденұлы.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі