«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева мен мүмкіндігі шектеулі адамдар сұрақтары бойынша Түркістан облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Досыбай Шерімқұлов, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Төлеби ауданында орналасқан №4 Көксайек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында олар кәсіподақ мүшелерінің қал-жағдайымен және мекемеде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстармен жете танысып өтті.
Сондай-ақ, жиында Күлдар Аралбекқызы сөз сөйлеп, биыл ҚР Кәсіподақтар Федерациясы 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына орай, қатысушыларға мекемедегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар барысымен таныстырып өтті.
Бұдан бөлек, «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыповтың әртүрлі алаңдарда әлеуметтік мекемелердің әлеуметтік қызметкерлеріне еңбекақыларын көтеру мәселелері бойынша тынымсыз атқарылған жұмыстарының арқасында олардың жалақысын кезең-кезеңімен арттыруға қол жеткізіліп, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы 25% — ға ұлғайтылғанын тілге тиек етіп, Нұргүл Рәтбекқызы басқарып отырған аса ауыр саланың қызметкерлеріне алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Кездесу соңында ұжым еңбеккерлерімен пікір алмасып, қойылған сұрақтарына толыққанды жауаптар берілді.