Қазақстанның жартылай орта салмақта UFC-дегі өкілі, қазақ аралас жекпе-жектен жеңілмеген файтер Шавкат Рахмонов Түркістан өңірінің жастарымен және спортшыларымен мотивациялық кездесу өткізді.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие және рухани бағыт-бағдар беріп, еркін пікір алмасу.
Спорттың аталған бағытында жинаған тәжірибесімен бөліскен Шавкат Рахмонов еліміздің байрағын көкке көтеру жолында тынымсыз еңбектену керектігін алға тартты. Сондай-ақ тарихи, рухани мекенде спортқа бейім жастардың көп екендігі қуантатынын жеткізді. Ол әлемдік ареналарда қазақ елінің абыройын қорғап қана қоймай, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауды өзінің ұстанымына айналдырған орны бөлек спортшы. Осы қасиеті арқылы да жұртшылықтың құрметіне бөленуде.
Жиын барысында айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков Түркістанға келген қадамымен құттықтап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Ал жастар тарапы көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алып, қызықты сұхбат өрбіді. Бұл сәт жастарға ерекше әсер сыйлады. Қошеметке ие болған спортшы жиылған қауымды елге адал қызмет етуге шақырды.
Кездесуде екі жас отбасы ұлдарының тұсауын кесіп беруді сұрады. Қазақы дәстүрді берік ұстанатын Ш.Рахмонов ұсынысты бірден қабыл алып, балалардың болашағы жарқын әрі патриот азамат болып өсуін тіледі.
Сонымен қатар жүздесуде түркістандық қарапайым жігіт көптің ішінен суырылып шығып, спорт саңлағын жекпе-жек алдында өтетін ережелердің бірі көз арбасу рәсіміне өткізуге ниет білдірді.
Басқосу соңында қазақ елінің мақтанышы Шавкат Рахмоновқа сый-құрмет көрсетілді. Ыстық ықыласқа бөленген азаматқа шапан жабылып, арғымақ ат мінгізілді.