Жамбыл облысының аумағындағы эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі карантиндік шараларды күшейтті. Мобильдік топтар мерекелік және еске алу іс-шараларын өткізуде шектеулерді сақтау бойынша бас санитарлық дәрігердің қаулысының орындалуын бақылау жұмыстарын жүргізеді деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
Адамдар көп жиналатын және ойын-сауық орындарындағы карантин, бетперде кию режимі , әлеуметтік қашықтықты сақтау талаптары тексеріледі және бақылауда болады.
Кезекті рейдтік іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары қаладағы тойханалардың бірінде 150-ден астам қонақ шақырылған отбасылық мерекені өткізу дерегін анықтады.
Тойды ұйымдастырушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша материал жиналды және бас санитарлық дәрігердің талабын бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін СЭС-ке жіберілді.
«Облыстың барлық тұрғындарын азаматтық парызын көрсетуге және адам көп жиналатын орындарға бармауға, жеке қорғаныс құралдарын алып жүруге және жақындарының өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында әлеуметтік қашықтықты бұзбауға шақырамыз», — деді ведомство өкілдері.