Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларға (алушыларға) ағымдағы жылдың 4 айында (01.01.2023 ж.бастап 01.05.2023 ж. дейінгі кезеңде) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жай-күйі туралы 8,3 млн үзінді көшірме берді. Оның ішінде 6,09 млн (73,3 %) – электрондық форматта, 1,99 млн (24%) – автоматты режимде, 193,5 мыңы (2,3%) – Қор кеңселерінде, барып қызмет көрсету арқылы 28,9 мың (0,3%). Осылайша, ЖЗШ-дан үзінді көшірме беру БЖЗҚ-ның ең танымал қызметі болып есептеледі.
Жалпы, 4 айда Қор салымшыларға (алушыларға) шамамен 8,97 млн қызмет көрсетті. Оның ішінде, электрондық форматта — 6,11 млн, автоматты түрде – 2,16 млн. қызмет жүзеге асырылып, жалпы көлемінің 92,26% астамы қашықтықтан ұсынылды.
Дегенмен, БЖЗҚ мамандарына жеке жүгінуді қалайтын салымшылар мен алушылар да бар. 4 айда күндізгі қызмет көрсету барысында 468 мыңнан астам қызмет (қызметтердің жалпы көлемінің 5,22%) көрсетілді. Оның ішінде 396,14 мың қызмет Қор бөлімшелерінде іске асырылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүзбе-жүз көрсетілетін қызметтер 25,28% аз ұсынылды. Бұл онлайн-қызметтерге сұраныстың артып келе жатқанын растайды. Естеріңізге сала кетейік, Қордың сізге жақын орналасқан бөлімшесінің мекенжайын www.enpf.kz сайтынан не БЖЗҚ/ENPF ұялы қосымшасынан нақтылауға болады.
БЖЗҚ-ның Барып қызмет көрсету бөлімдері де асқан белсенділікпен еңбек етуде. Олар 69 мыңнан астам қызметтің 4,4 мыңнан астамын халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарға ұсынды.
«БЖЗҚ» АҚ және «Қазпошта» АҚ-ның шалғай елді мекендердегі ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде зейнетақы қызметтерін ұсыну жөніндегі бірлескен жобасы аясында Қор салымшыларына 2023 жылғы 1 мамырға 2,7 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде қызмет алу кезінде зейнетақы жинақтары туралы хабарлау тәсілін таңдап, жеке деректемелеріңізді өзгертуге болады.
Халық арасында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмысы – БЖЗҚ үшін аса маңызды басымдыққа ие стратегиялық міндет. Оның мақсаты – азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін, зейнетақыны қалыптастыру тәсілдері туралы білімдерін арттыру, оны жинақтау мен көбейту үрдісіне тарту. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы аясында 10,78 мың көшпелі таныстырылым өткізілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,27% артық. Таныстырылым барысында 237,8 мыңнан астам адам жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ақпарат және жеке ақыл-кеңес алды. БАҚ-та жыл басынан бергі 4 ай ішінде БЖЗҚ бастамасы бойынша 14,45 мыңнан астам материал жарияланды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,64% артық.
БЖЗҚ ақыл-кеңес беру қызметтерінің де сапасына ерекше көңіл бөледі. Салымшылар мен алушылар өздеріне қажетті ақпаратты түрлі арналар арқылы, атап айтсақ: 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), www.enpf.kz корпоративтік сайтынан, БЖЗҚ/ENPF ұялы қосымшасында, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsApp және Viber чат-боты арқылы және БЖЗҚ-ның Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан ала алады. Қор мамандары жыл басынан бері барлығы 225 мыңнан астам өтінішті өңдеді.