Бүгін 2023 жылы қаржыландыруға үміткер киножобаларды іріктеу үшін өтінімдерді қабылдау басталды. Құжаттар 29 тамызға дейін қабылданады, ал Сараптамалық кеңес отырысы қыркүйек айының соңында өтеді. Питчингтен өткен киножобалар қаржылай қолдауға ие болып, «ұлттық фильмдер» деп танылады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы биыл жаңа фильмдердің өндірісіне 3,3 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр: «Қазақфильм» киностудиясы түсіретін киножобаларға кем дегенде 1,2 млрд теңге, ал жеке киножобаларға шамамен 2,1 млрд теңге бөлінеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали тараптар әрбір теңге үшін есеп беретінін тағы да ескертті.
«Ең алдымен, барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау қажет. Кино қауымдастығы нарықты дамыту мен сапаны арттыру үшін бірігіп жұмыс істеуі керек. Біз өз тарапымыздан үміткерлерге барынша көмектесуге әрі киножобаларға ақпараттық қолдау көрсетуге дайынбыз. Орталық та, киногерлер де әр теңге үшін есеп беретінін есте ұстағаны жөн. Ешқандай интрига қажет емес», – деді Құрманбек Жұмағали.
Айта кетейік, биыл наурыз айында өткізілген өтінімдерді іріктеу конкурсының нәтижелері жарамсыз деп танылып, күші жойылды. Мұндай шешім қабылдауға аудиторлық тексеріс нәтижесі негіз болды.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз-қызметі