Бүгінгі таңда халыққа сапалы медициналық қызметтер көрсету – уақыт талабы. Сапалы қызмет болған жерде сенім де артады. Жалпы ақ халатты абзал жандардың сапалы қызмет көрсетуі басты міндет болып табылады. Сапалы медициналық қызметтер көрсету — бұл денсаулық сақтау мекемелерінің негізгі көрсеткіші болады. Қазіргі кезде медициналық қызметтерді жақсартуда денсаулық сақтау басқармасы тарапынан көптеген жұмыстар жасалынып келеді. Осы орайда Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков «Қаратау» шағын ауданына қарасты медициналық ұйымдарды аралап, қала шетіндегі халыққа қол жетімді медициналық қызметті арттыру мәселелерін талқылады.
Шымкент қаласының бас дәрігері қала тұрғындарынан жиі шағым түсетін «Отау мед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Достық, Тұран шағын ауданындағы клиникаларды аралап шықты.
«Отау мед» клиникасына қарасты Тұранда орналасқан медициналық ұйымда тіркелген халық саны – 11 150, оның басым бөлігі балалар. Алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін ұйымда жалпы практикалық дәрігерлер, учаскелік мейіргерлер, және бейінді маман дәрігерлері жұмыс істейді.
Ал Достық шағын ауданында орналасқан емханада тіркелген халық саны 14 мыңнан асады. Медициналық ұйымды толықтай аралап шыққан басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков клиниканың бас дәрігері Қайрат Джахаевқа халықтан түскен арыз шағым бойынша күндізгі стационар жұмысын күшейтіп, төсек санын көбейтуді тапсырды.
Кездесу соңында басқарма басшысы «Отау мед» клиникасының бас дәрігеріне халыққа сапалы медициналық қызметті көрсету үшін дамыту жоспарын қайта даярлап, халыққа қажетті жағдай жасау қажеттігін тапсырды.