Арыс өзенінің арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүруде

Жуырда аудан әкімі Арман Сәбитов аймақтағы қауіпті участкелерді арнайы аралаған болатын. Бұл орайда ауданда су тасқынына қарсы нақты іс-шаралар жүзеге асуда. Құтарыс ауылдық округіндегі Қызыл арық каналын үш жерінен Арыс өзені шайып кету қауіпі төнген болатын.

Қазір қауіпті участкеде Арыс өзеннің арнасын қалпына келтіру бойынша шұғыл жұмыстар жасалды. Оған «Тұран Су» МКК-не қарасты Hundai 305I шынжыр табанды техника жұмылдырылған. Бүгінде 500 метр өзен арнасы қалпына келтірілді. Мамандардың айтуынша жөндеу жұмыстары ертең аяқталуы тиіс.

Бұдан бөлек көктемгі су көбеюі кезінде Арыс өзен арнасының өзгеруіне байланысты Көлкент ауыл округі Ханқорған ауылындағы жайылым жердің бұзылу қауіпі орын алды. Осыған орай Арыс өзенінің арнасы мен бөгетін қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Бүгінде сала мамандары аталған орындарда жұмыс істеуде.