Бұқаралық спортты дамыту- болашағымыз үшін маңызды. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы тапсырма бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылып келеді.
Осы тұста бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен көптен күткен Shymkent Marathon желаяқтар сайысы таңғы сағат сегізден басталды. Әл Фараби алаңында еліміздің түкпір-түкпірінен келген әуесқой спортшылар бас қосып, бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты. Шымкент қаласында «Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-шы рет өтіп жатыр.
Марафонда Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов барша қатысушыларға сәттілік тілеп, өз құттықтауын жеткізді:
—Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жүгіру марафоны Әл-Фараби алаңынан басталып, сол алаңда мәресіне жетеді. Сайысқа тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, салауатты өмір салтын қолдайтын әрбір тұрғын, спорт жанкүйерлері бақтарын сынауда. Атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия және еліміздің басқа өңірлерінен, жалпы 60-тан астам қаладан қатысушылар тіркелген.
Қатысушылар алты қашықтықтың бірін таңдады. Бастауыш (5 км), жүгіруші (10 км), жартылай марафон (21 км), марафон 42 шақырым бойынша және скандинавиялық жүрістен(5 км), сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында да сайыс өтіп жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 14 млн теңге.