Арнаулы әлеуметтік қызметтер әлеуметтік салада психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында жүзеге асырылады.
Бұл бағытта Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істейді. Онда 1 мыңнан астам маман қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері 3346 адам оңалту шараларымен қамтылған. Оның ішінде 953 азаматқа әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып қызмет көрсетеді.
Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі барысында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының жұмыс барысына да тоқталып өтті. Әлеуметтік қызметкерлер ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсету мақсатында 8 бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдениет және әлеуметтік-құқықтық қызметтері бар. Оның ішінде үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақ ішу мәдениеті, дәрет ыдысын пайдалану, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді көрсетіп, қоғамға бейімдейді.
Сала мамандарына артылған талап пен міндет те жоғары. 1 шілдеден бастап күшіне енген әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылуда. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалды. Онда әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі, көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат болады. Бұл қызметті тұтынушыларға бәсекелестік ортадағы әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз кәсіби біліктілікті бағалау жүйесінен өткен, сертификатталған мамандар ғана жіберіледі.