Аферист туралы шағым Тұран ауданының полиция басқармасына келіп түсті. Арызданушы өзінің ойын приставкасын жас жігітке жалға бергенін жеткізді.
Бейне ойындарға арналған техниканы пайдаланушы бір тәулікке 10 мың теңге төлеген. Жалдау уақыты аяқталған соң келесі күні ол телефон қоңырауларына жауап бермей, кейінірек байланыс нөмірін мүлдем өшіріп тастаған. Приставка иесі 500 000 теңге көлемінде шығынға ұшырады.
Полицейлер «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қаскүнемнің жеке басын анықтау үшін бірқатар жедел іс-шаралар жүргізді.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол бірнеше жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған Астана тұрғыны болып шықты. Жігіт ойын құралын ломбардқа өткізіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсағаны белгілі болды.
Қазіргі таңда құрылғы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Полиция қызметкерлері алаяқтық жайттарын болдырмау үшін өз мүлкін бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмауды ескертеді.
Шымкент Қаласының ПД