XIX Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың бапкерлерін марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, спорт мектебі басшылары қатысты.
Шаһарда қала әкімдігі тарапынан спорт саласына әрдайым қолдау көрсетілуде. Осындай қолдаудың нәтижесінде шымкенттік спортшылар Жазғы Азия ойындарында жарқын жеңіске жетті. Халықаралық жарысқа қаламыздан спорттың 23 түрінен 66 спортшы қатысты. Ханчжоуда (Қытай) өткен бәсекеде қала спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медальға ие болды.
Қала әкімі жеңімпаздар мен жүлдегерлерді және олардың бапкерлерін құттықтап, спорт саласының дамуына барлық жағдай жасалатынын атап өтті.
«Сіздердің жеңістеріңізге бүкіл ел куә болды. Мұны біз мақтанышпен айта аламыз. Дегенмен, әлі де тоқтап қалмауымыз керек. 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада Ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін қыруар еңбек қажет. Мемлекет басшысы спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуына тоқталып, бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісін жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналдыруда бірқатар тапсырмалар жүктеді. Осы ретте қаламызда бұқаралық спорт пен кәсіби спортты дамытуда кешенді шаралар қолға алынды», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Ғабит Әбдімәжитұлы спортшылар мен бапкерлерге Алғыс хат және қаржылай сертификаттарды табыс етті. Шаһар басшысы спортшыларға алдағы Олимпиада ойындарында жеңіспен оралуына сәттілік тіледі.
Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласы республикалық мәртебе алғаннан кейін алғаш рет дербес команда ретінде қатысты. Жергілікті спортшылар Олимпиада ойындарына лицензияларды жеңіп алу үшін түрлі халықаралық жарыстарда бақ сынайтын болады.