ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров іс-сапары Бәйдібек ауданында жалғасты. Сапар барысында 5-қарашада пилоттық режимде өтетін аудан әкімін сайлауға байланысты кездесулер өтті. Нұрлан Мәжитұлы әуелі сайлауды өткізу бойынша АСК мүшелері, құқық қорғау органдары өкілдерімен кеңес өткізді.
- Бүгінгі таңда барлық кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталды. Біздің келгендегі мақсатымыз — аудандардың алдағы сайлауға дайындығын бақылау, учаскелердің жарақтандырылуын, сайлау өткенде заңдылықтардың қатаң сақталуын мүдтіксіз қамтамасыз ету,- деді Нұрлан Мәжитұлы.
Төраға одан соң Бәйдібек ауданы, Жамбыл ауылының жұртшылығымен жүздесті. Онда соңғы жылдары елімізде жүргізілген саяси реформалар туралы кеңінен баяндады. Көпшілікпен пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді. Таяуда ғана өткен ауыл әкімінің сайлауына қатысты тұрғындармен әңгімелесті.
Айта кетейік, биыл 5-қарашада тұңғыш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтеді. Түркістан облысында Созақ, Бәйдібек, Мақтаарал, Шардара аудандарының тұрғындары өз таңдауын жасайды.