Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Turkistan Invest» ЖШС ұйымдастыруымен, Сайрам, Сауран, Отырар, Қазығұрт, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласының әкімдері және 50-ге жуық кәсіпкері Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен болды.
Сапардың негізгі мақсаты – өңірге инвесторларды тарту, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, жергілікті кәсіпкерлермен тәжірбие алмасу.
Алғашқы күні облыс делегециясы Қытайдың Шандонг провинциясы, Личьчин қаласының әкімшілік қызметкерлерімен және бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында екі ел арасындағы байланыстар мен инвестициялық мүмкіндіктер жайы талқыланды. Іссапар барысында түркістандық делегация өндірістік кәсіпорындарды аралап, бірнеше қаладағы әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысты. Атап айтсақ, Шандонг провинциясындағы бұрғылау машиналарына және магнитті крандарға қажетті жабдықтар шығарумен айналысатын «Shandong Band Hongzhongchuang Intlligence Equipment Co., Ltd», тоқыма кластерін дамытып жатқан «Linqing Sanhe Textile Group Co., Ltd», қағаз өнімдерін шығарумен айналыстын «Zhongye Paptr Industry Yinhe Co., Ltd» және сүт өнімдерін шығарумен айналысатын «Rutai Dairy Industry» компанияларының жұмысы таныстырылды.
Жергілікті кәсіпкерлер технологиялық даму бойынша халықаралық тәжірбие жинап, қытайлықтарға Түркістан өңірінде зауыттар мен фабрикаларды бірлесе ашу туралы ұсыныстарын жеткізді. Түркістан облысына қызығушылық танытып, инвестиция салуға ниет білдірді. Екі тарап өндіріс орындарын ашуда бірлесе жұмыс істеуге уағдаласып, Түркістан облысының аудан, қалалары мен Қытайдың Шаньнуднг өлкесінің Ляочэн және Линьцин қалаларының арасындағы экономикалық, сауда және ауыл шаруашылығы ынтымақтастығын нығайту бойынша меморандумға қол қойды.
Түркістандық делегация Шандонг провинциясының Чжучен қаласына барып, жылыжай өндірісі және балық шаруашылығымен айналысатын «Shandong Honding New Material Tehnology Co., Ltd», мал бордақылау кешені, етті терең өңдейтін цех құрылысына қажетті жаңа технологияларды шығаратын «Shauangye Machinery Co., Ltd» өндіріс орындарының жұмыстарымен танысты. Жергілікті кәсіпкерлер Қытай кәсіпорындарының тәжірибесін Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласына енгізуді жоспарлап отыр. Ал Сайрам және Ордабасы аудандарының кәсіпкерлері Қытайдан ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды келісімді бағада алмақ.
Түркістандық делегация жемістер мен көкөністерді консервілеуге арналған аппарат шығарумен айналысатын «Zhucheng Jinding Food Machinery Co., Ltd», қаптағыш аппараттар шығаратын «Songden Food Pacing Machinery Co., Ltd», сүт өнімдерін өңдеуге арналған аппарат шығаратын «Shandong Michon Machinery Co., Ltd», жеміс-жидек өнімдерін кептіретін аппарат жасап шығаратын «Shandong Lianxing Machinery Co., Ltd.» компанияларының өндіріс орындарында болды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын шығарумен айналысатын «Shifeng Agriculture Equipment Industrial Park» және көмір жағу арқылы электр энергиясын, алюмин, газаблок, кірпіш өндірумен айналысатын өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Сапардың соңғы күні Гуандунь провинциясының, Гуанджоу қаласында жалғасты. Делегация өкілдері бүкіләлемдік көлемде өтетін ауқымды 134-ші «Кантон» көрмесіне қатысты. Көрмеге жаңа технологиямен дайындалған, көптің сұранысындағы өнімдер ұсынылған. Жергілікті кәсіпкерлер қытайлық өнімдердің жасалу жолын, нарықта сұранысын зерттеп, сол тауарларды Түркістан облысында жасап шығаруға ниеттеніп отыр.
Қытайлық инвесторлар Түркістан облысында бірлескен кәсіпорындарды құру бойынша қызығушылық танытып, жобаларды нақтылау үшін Түркістан облысына іссапармен келетіндерін жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі