«Қазақты сансыратқан қанды қасап» атты іс-шара өткізілді

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде 2 қараша күні қазақ халқының тарихындағы ең бір қасіретке толы қайғылы кезең «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл –сұлама» тарихи оқиғасының 300 жылдығына арналған «Қазақты сансыратқан қанды қасап» атты іс-шара өткізілді. Іс-шараның мақсаты — қатысушыларды 1723-1727 жылдардағы Қазақстанның ең қайғылы кезеңінің тарихымен таныстыру, жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру және қазақ халқының өткен тарихына құрмет көрсету. Іс-шараның модераторы — ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Г.Серікбай. Іс-шараға «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның ұстаздары және БАҚ өкілдері – «Айғақ», Хан ТВ», «Қазақстан Шымкент» телеарналары қатысты.

Іс-шара барысында қатысушылардың назарына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның тарихтағы ізі» тақырыбында деректі фильм ұсынылды. Шараның алғы сөзін Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, архивтер басқармасы басшысының атынан Мәдениет және мәдени мұраны сақтау бөлімінің бас маманы Дүйсенова Ақбөпе Мұқанқызы сөйлеп ашып берді. Сонымен бірге, Оңтүстік Қазақстан Медициналық Академиясының «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-қоғамдық пәндер» кафедрасының аға оқытушысы Қабыл Алғабек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарының тарихы жайында баяндама жасап, қызықты тың деректермен бөлісті. М. Әуезов атындағы ОҚУ Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушысы Қасымхан Ғалым тарих беттерінде ойылып орны қалған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» қазақ халқына тартқызған зардабы мен зауалы жайында мол мағлұматтар айтты. Сондай-ақ, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық университетінің Өнер факультетінің студенттері Сыпабек Қанат пен Жақсылық Мейірбек «Үш мерке», «Туған жер» әндерін орындады.

Іс-шара соңында музей директоры Асқарова Мария Келесқызы қорытынды сөз сөйлеп, іс-шараға шақырылған қадірменді қонақтарға музейдің арнайы тапсырысымен шыққан «Шолпан» кітабын сыйға тартып, ерекше алғыс білдірді. Келген қонақтарға экспозиция залында шолу экскурсиясы жүргізіліп, «Тағзым» залында қуғын-сүргін құрбандарына құран бағышталып, тағзым етілді.