Түлкібас ауданына қарасты Бақыбек елді мекенінде жаңа білім ошағы салынып жатыр. Аталған мектеп қос ауылдың тұрғындары үшін керемет мүмкіндікке айналды. 1-ші мөлтек ауданы мен Бақыбек ауылының балалары жаңа оқу жылында 300 орындық Бақыбек жалпы орта мектебінен білім алатын болады.
Аталған нысан алаңына аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов барып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде ғимараттың қабырғасын қалау жұмыстарының 90 пайызы аяқталған. Мердігердің айтуынша алдағы 2 аптаның ішінде шатырын жабу жұмыстарына кіріспек.
Аудан басшысы нысанды аралау барысында жауапты мамандар мен мердігерге жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеп, мектепке кірер жолының құжаттарын тез арада рәсімдеуді ауыл әкіміне тапсырды.
Сонымен қатар аудан басшысы жауапты мамандармен бірге Түлкібас кентінде ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан Б.Момышұлы мектебіне аранйы барып, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады.
1 200-ге жуық оқушы білім алатын, мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде тозығы жеткен білім ошағына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда шатырын жабу 70 пайызға, ал қасбетін қаптау жұмыстары 50 пайызға аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Аудан әкімі мердігер мекеме басшысына жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқтау керектігін ескертіп, жауапты мамандарға бақылауда ұстауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі