Шымкент полициясының қамқорлығындағы жасөспірімдер «Үміт кубогы» турнирінде жеңімпаз атанды

Алматыда баскетболдан балалар үйлері мен мектеп интернаттарының ұл балалар және қыз балалар арасындағы «Үміт кубогы» турнирі өз мәресіне жетті. Төрт күнге жалғасқан жарыстың жеңімпаздарына кубок, медаль мен бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар үздік ойыншыларды да марапаттады. Айта кетейік, дәстүрлі додаға ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардан құралған еліміздің әр өңірінен жиналған 22 команда қатысты. Спорттық шара «Қазақстан Халық банкі» АҚ демеушілігімен және ҚР Ұлттық баскетбол федерациясының ұйымдастыруымен өтті. «Үміт кубогы» турниріне қатысқан 22 команда терезесі тең өнер көрсетті.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің қамқорлығындағы №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері баскетболдан «Үміт» кубогының жеңімпаздары атанды.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері намысты қолдан бермеу үшін барын салды.

Ұлдар арасындағы ойында үшінші мегаполистің ойыншылары жүлделі І-орынды иеленсе, қыздар арасындағы тарысты бәсекеде аруларымыз ІІІ-орынға жайғасты. Полиция департаменті ұжымы жеңімпаздарды теміржол вокзалынан күтіп алып, жеңіспен құттықтады.

Айта кетейік, №4 өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері 2019 жылдан бері Шымкент қалалық полиция департаментінің қамқорлығында. Тәртіп сақшылары балалардың болашағына және олардың тәлім-тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, барлық қажетті жағдайды жасауда.

Оған дәлел, полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында спорт үйірмесін ашып, буыны қатпаған жас жігіттерді жаттықтырумен айналысады. Қазіргі таңда аталған мекемеде тәрбиеленуші 34 ұлдың барлығы жүз пайыз спорт үйірмесіне қатысып, салауатты өмір салтын ұстанады.