Бұл туралы шаhар басшысы Ғабит Сыздықбеков өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында хабарлады. «Шымкент қаласында бірнеше жылдан бері қараусыз бос тұрған «Фосфоршылар» мәдениет үйі ғимараты «Дархан групп» серіктестігінің меншігінде болған.
Шымкент қаласының әкімдігі қалалық прокуратура мен мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесіп, мәдениет үйін қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау бойынша алгоритм әзірлеп, ағымдағы жылдың 13 қарашасы күні «Фосфоршылар» мәдениет үйін қаланың коммуналдық меншігіне қайтару бойынша келісімге қол жеткізілді.
Ары қарай ғимаратты көпфункционалды Жастар сарайы ретінде қайта қалпына келтіру және аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. «Фосфоршылар» сарайы қаланың ең көрікті жерлерінің біріне айналатынына және халық игілігіне қызмет ететініне сенімдімін»-деді қала басшысы.