Бүгін ҚР Көлік министрі М.Қарабаев Шымкент қаласындағы іс-сапары барысында Ақпараттық-коммуникациялық орталығының медиа алаңында БАҚ өкілдерімен баспасөз мәжілісін өткізді.
Биылғы жылы жаңадан құрылған Көлік министрлігінің Министрі М.Қарабаев өңірлердегі кезекті іс-сапарын Шымкент қаласында жалғастырды. Іс-сапарының алғашқы күні Министр Шымкент әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысымен және Теміржол вокзалы ғимаратын реконструкциялау жұмыстарымен танысты.
Халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды да талап етуде.
Әуежайдағы жолаушылар терминалының құрылысы жеке инвестор «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ есебінен жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының I-кезеңі бойынша жоба 100% орындалды. Терминал шатырын монтаждау жұмыстарымен бірге сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары жүргізілді. Қазір жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 40 800 шаршы метрді құрайды. Жобада 24 эскалатор, 2 трафик, 24 жеделсаты, заман талабына сай келетін 4 галерея қарастырылған. Аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 2 мың адамға артады. Қазіргі таңда перрон құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 6 гектар аумақта атқарылуда.
Әуежай терминалы құрылысының 2-ші кезеңін толық аяқтап, пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған.
Министр жауаптыларға жұмыс күшін көбейтіп, терминал құрылысының қарқынын арттыруды тапсырды. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 113 адам жұмыс істеуде.
Теміржол вокзалы ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құраса, қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады.
Вокзал ғимаратын заманауи талапқа сай қайта құру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Министр реконструкциялау жұмыстарын әкімдікпен белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тапсырма берді.
Қаладағы іс сапарында Көлік министрі автовокзалдардың жұмысын да қадағалады. Қазіргі таңда автовокзалда болып жатқан заңсыз тасымалдарға (Индрайвер,яндекс) назар аударып, бұл бойынша қолданыстағы заңнамаларға өзгерістер енгізуді ұсынды.