Астана қаласында жаратылыстану-математика бағытындағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Қорытынды кезеңге барлығы 1 088 оқушы қатысты. Жарыс қорытындысында еліміздің шалғай елді мекендерінен келген 170 бала жеңімпаз атанды. Оның ішінде Түркістан облысынан 37 оқушы бақ сынап, 5 алтын, 8 күміс және 8 қола жүлде иемденіп, жалпы командалық есепте екінші орынға жайғасты. Атап айтқанда, Құдайберді Зайниев, Нұрдәулет Әлдібек, Нұрила Ержігіт, Жасур Әлімжанов пен Денис Зражевский алтыннан алқа тақты.
Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
-Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы – сол тапсырма аясындағы бастама. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге жауапкершілік. Әділ және тартысты айқаста сіздер терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіздер. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған өздеріңізді шын жүректен құттықтаймын, — деді бірінші вице-министр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі