Қазір қоғамның көзі ашық, саяси белсенділігі жоғары. Осы үдерістер ескеріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі жыл көлемінде аса маңызды саяси реформалар жүзеге асырылды. Облысымызға келсек, 2023 жылғы 19 наурызда Түркістан облыстық мәслихатына сайлау өтіп, жаңа мәслихат жасақталды. Ел Президенті VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында алдағы жоспарларды бекітті. Бұл сайлаудың да, сайланған мәслихаттардың да орны ерекше әрі жауапкершілік жүгі өте ауыр десек те болады.
Бүгінде облыстық мәслихаттың белсенділігі жоғары әрі сайлаушылармен байланыс нығая түскен. Мәслихат депутаттары қоғамдық, жеке қабылдаулар және түрлі мәселелер бойынша мәслихат қабырғасында жиындар өткізіп, олардың шешілуіне өз құзыреттері шегінде жұмыстар жасауда. Ал, жуырда тағы бір жаңаша бастама жүзеге асты. Түркістан облыстық мәслихат депутаттары өңірдің 17 қаласы мен ауданын аралап, халық алдында есеп берді. Соның ішінде Шардара, Келес, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласындағы кездесулерге өзім де қатыстым.
Мақсатымыз – тұрғындарды мазалайтын мәселелерді тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне оң ықпал ету және атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беру еді.
Айта кетерлігі, бұрын депутаттардың халық алдында мұндай есеп беру кездесулері болмаған. Жалпы, халық қалаулыларының аудандарға келіп есеп беруін жергілікті тұрғындар жоғары бағалап, осындай кездесулерді құптайтындықтарын жеткізді.
Елмен тікелей жүздесу өзекті мәселелерді білуге мүмкіндік береді. Тұрғындар проблемаларын ашық айтты. Халықты мазалайтын мәселелердің көпшілігі әлеуметтік салаға қатысты болып отыр. Яғни мектеп, спорт алаңы, мәдениет үйін, денсаулық сақтау мекемелерін салып беруді сұрады. Сондай-ақ ауыз су, сапалы жол, жылдамдығы жоғары интернет, электр энергиясы, табиғи газ, жұмыспен қамту сынды мәселелер де көтерілді.
Бүгінде әрбір кездесуде көтерілген мәселелердің барлығы хаттамаға еніп, олар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі таңда маңызды 23 мәселені тұрақты бақылауға алдық. Оның кейбіреуі шешімін де тауып, халық алғысын білдіруде.
Мәселен, Арыс қаласындағы Қабылсай елді мекеніне қойылған жарық шамдары электр энергиясына қосылмай, осы мәселені тұрғындар 1,5 жылдан аса көтеріп жүргендерін жеткізген болатын.
Міне, осы мәселені толықтай зерделеп, жылдам шешілуіне атсалыстым. Нәтижесінде Қабылсай елді мекеніне орнатылған 67 жарық шам түгелімен электр энергиясына қосылды.
Жалпы, халық қалаулыларының кездесулерінде бақылауға алынған барлық мәселелер алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Ол мәселелер шешілгенге дейін біздің назарымызда болады.
Осы ретте айта кетерлігі, көптеген мәселелердің шешімі бюджетке келіп тірелуде. Облысымыздың 2024 жылғы бюджеті 1 триллион 352 миллиард теңгені құраса, соның басым бөлігі республикадан беріледі. Яғни, Түркістан облысы дотациялы аймақ болғандықтан, көптеген мәселелер республикадан қаржының бөлінуіне тікелей байланысты болып отыр.
Ендеше, облыстық түсімді қалай көбейтеміз? Оның басты жолдары – өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту мәселесіне баса назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма бергенін ел біледі.
«Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Сондықтан, ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек», — деді Президент.
Жалпы, Түркістан облысында бұл бағытта нақты жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінде облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасымен қосымша кіріс көздерін арттыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту, салық көздерін табу, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріліп, түрлі жобалар қолға алынуда. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр.
Былтыр шетелдік және отандық кәсіпкерлермен, инвесторлармен 100-ге жуық кездесу мен келіссөз жүргізілді. Қытайға, Өзбекстан және Аустралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылып, тәжірибе алмасылды. Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы өтті. Оған шетелдер мен елімізден алпауыт компания басшылары қатысты. Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды.
«Әрекетке – берекет» демекші, ізденістер нәтижесін бере бастады. Осы жұмыстар нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыру, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 трлн. теңгеге жуық инвестиция құйылуда. Биыл облыстық делегация Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапар жасайды деп жоспарланып отыр екен. Бұл – құптарлық бастама.
Түркістан өңірінде инвесторлар тартуға «Turkistan Invest» үлес қосуда. «Turan» арнайы экономикалық аймағы және 544,52 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Осы аймақтарда инвесторлар мен кәсіпкерлерге жеңілдіктер, үлкен қолдаулар қарастырылған. Біздің ойымызша, осы экономикалық аймақтардың жұмысын барынша күшейту керек. Мәслихат депутаттары да елмен кездесуде «Балық берме, қармақ бер» ұстанымын ұстанулары тиіс. Ол – тұрғындарды жұмыс істеуге шақыру, кәсіпкерлікті насихаттау, бюрократиялық кедергілерден құтқарып, оларға жол сілтеу.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», — деген болатын.
Демек, Президент айтқандай, мәслихаттар халықтың мәселесін шеше алатын күшке айналуы керек. Ол үшін әрбір депутат белсенді болып, өңірге инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарына атсалысуы қажет. Бүгінде облысымызда 46 депутат, 17 аудан, қалада 292 депутат бар. Яғни, өңіріміздегі барлығы 338 депутат осы жұмыстарды үйлестіруге атсалысса, жақсы нәтижелерге жетеміз деп ойлаймын.
Бұл міндеттерді іске асыруға бізде ресурс та, мүмкіндік те бар. Ең бастысы елімізде тұрақтылық пен тыныштық берік орныққан. Сондықтан, қазір әлемде түрлі геосаяси жағдайлар орын алып, әлем қырғи-қабақ қатынастардың ең қиын кезеңдерін бастан өткеріп отырғанда, еліміз инвестициялар үшін тартымды десек те болады.
Ол үшін шетелдік инвестициялар тарту ісінде белсенді түрде әрекет етіп, инвесторлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға ұмтыла беруіміз керек. Елімізге инвестиция көп тартылатын болса, соғұрлым экономикамыз дамитынын естен шығармауымыз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттегендей, болашағы жарқын, келешегі кемел жаңа Қазақстанды құру үшін ең алдымен шағын және орта бизнесті дамытып, өндіріс орындарын ашуға әрбіріміз өз үлесімізді қоссақ біз үлкен жетістіктерге жетеміз деп білемін.
Әрине, бұл бір күндік шаруа емес. Білек түре кірісіп, бірлігіміз бен ынтымағымызды, татулығымыз бен тұрақтылығымызды және өзара ауызбірлігімізді көздің қарашығындый қастерлеп, жұмыла жұмыс істегенде ғана алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткіземіз
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Н.Әбішов