Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен Облыс және Аудан әкімдігінің басшылығы еріктілермен бірге Ордабасы ауданында 4 жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған 3 білім ошағының жай күйін көріп қайтты.
Ұзаққа созылған құрылыс нысандарының қатарында Төрткөл елді мекеніндегі 300 білім алушыға арналған, Қызылжар елді мекеніндегі 300 оқушыға және Шұбарсу ауылындағы 600 орындық білім беру ұйымдарының құрылысы бар.
Бұл нысандардың құрылысы мердігер компаниялардың кесірінен тоқтап қалған. Білім ошақтарының құрылысына салғырттық танытқан мердігерлермен келісім шарттар бұзылған.
Қазіргі кезде бұл мектептердің құрылысы Облыстық құрылыс басқармасымен қайта қолға алынып, жаңадан өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындысымен жеңімпаз атанған мердігерлермен қайта келісім шарттар түзілген. Құрылыс жүргізуге дайындық жұмыстары басталуда.
Алдыңғы мердігер компаниялар 300 балаға арналған мектептердің қабырғасын тұрғызғанымен, шатырын жаппай кеткен, ал 600 орындық білім ошағының тек еден қабырғасын, яғни фундаментын ғана құйған, қалған жұмыстарын мүлдем жүргізбей тастап кеткен.
Айта кетейік, ұзаққа созылған құрылыс нысандары мемлекет қаржысына салынып жатқан әлеуметтік нысандар қатарында. Сондықтан, Антикор еріктілермен бірге осы нысандардың құрылысының сапалы жүргізілуіне, мерзімінде аяқталуына қоғамдық бақылауды тұрақты түрде жүргізетін болады.