Ауданымызда «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағытында өңіраралық «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға Абай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарынан жалпы 73 өкіл қатысты. Аталған жәрмеңкеге 6 өңір бойынша барлығы 11 657 бос жұмыс орны, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы — 1246, Абай облысы — 1279, Шығыс Қазақстан облысы — 2393, Павлодар облысы — 3464, Ұлытау облысы 523, Қарағанды облысы 2752 бос жұмыс орнын ұсынды.Сайрам ауданы Рүстемов көшесі №27 мекенжайында өткен жәрмеңкеге 231 азамат қатысып, оның 113-і қоныс аударуға ниет білдірген.
Сонымен қатар, жиынға облыстық мәслихат депутаттары Жаңабай Ағабеков, Сайрам аудандық Аманат партиясының хатшысы Қуаныш Сыздықов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев, Сайрам ауданы Мансап орталығының директоры Абзал Казанкапов қатысып сөз сөйледі.
2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2015-2023 жылдар аралығында өңірден 13 758 адам қоныс аударған. 2023 жылдың қорытындысымен республика бойынша 6 727 квота белгіленсе, оның 29,3%-ы Түркістан облысынан қоныс аударғандар. Ал, 2024 жылға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Республика бойынша 7050 квота бөлген.
Айта кетсек, бағдарлама қатысушыларына және олардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 тг) мөлшерінде көмек беріледі.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі