«Зорлық — зомбылықсыз қоғам» тақырыбында кездесу болды

Зорлық

Қазіргі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Бірақ адамдар бұл туралы ашық айтпайды немесе айтуға қорқады. Бұл дұрыс емес. Негізінде, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған.

Зорлық-зомбылыққа азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі жатады.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Елімізде отбасындағы күш көрсетуден азат қоғам құру үшін «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» әлеуметтік жобасы іске қосылған. Жобаның мақсаты  өзекті мәселеге халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді тарту және біріктіру. Жоба аясында форум, конурстар және халықаралық тәжірибемен танысу сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады.

Осы орайда Шымкентте Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Энергетика және байланыс колледжінде «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасының төрайымы Алтыбаева Гүлжамал, Қаратау ауданы ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған аналар алқасының төрайымы Бойшева Қыздығой және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы Қалдыбай Аида қатысты.

Кездесу барысында спикерлер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттілігі туралы ақпараттармен бөлісіп, қоғамдағы келеңсіз мәселенің өзектілігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Бүгінде Шымкент қаласында дағдарыс жағдайында тұрған отбасыларға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін және бағдар беретін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан.