200-ге жуық мәдениет саласының қызметкері шетелде оқудан өтті

мәдениет

Алматы халықаралық мәдени ынтымақтастық бағытын белсенді дамытып жатыр. Мәдениет саласының 200-ге жуық қызметкері, яғни кітапханашылар, мұражайтанушылар, мұрағатшылар, хайуанаттар бағының ветеринарлары, цирк және театр әртістері Франция, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Түркия, Аустрия, Мажарстан, Грузия және басқа елдердегі жетекші әлемдік мәдени ошақтарда біліктілігін арттырып, оқудан өтті.

Мегаполистің мәдени нысандары 100% реновациялық жаңарудан өтуде. Мамандар теория және практика жүзінде заманауи стандарттар мен тұтынушыларға бағытталған коммуникацияны зерделеуге баса назар аударуда. Ең бастысы, сала қызметкерлері оқу барысында жаңа дағдыларды меңгеріп жатыр.

Айта кетейік, мұражай қызметкерлері Францияның ұлттық ескерткіштер орталығында білім алып, әлемге әйгілі Musée du Louvre музейінің жұмыс тәжірибесімен танысты, ал алматылық кітапханашылар Сеулдегі Gachon University, Namsan Public Library, Starfield Library, Nlcy, Seoul Women’s University Library және Chung Ang University Library сияқты мықты жоғары оқу орындары мен кітапханаларда тағылымдамадан өтті. Алматы циркінің әртістері алғаш рет Бейжің халықаралық акробатика мектебінде және Ресей театр өнері институты — ГИТИСТЕ біліктіліктерін арттырды.

«Мәдениет саласының қызметкерлері алғаш рет осындай бірегей мүмкіндікке ие болды. Олар әлемнің жетекші мәдени орталықтарында оқу оқып, кәсіби дағдыларын жетілдіруде. Қала әкімі Ерболат Досаев қалада ауқымды мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, мәдениет нысандарын жөндеуден өткізу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру сынды мәселелерге ерекше көңіл бөледі. Соңғы екі жылда цирк және жергілікті театр әртістері, музей қызметкерлері мен кітапханашылар, сондай-ақ хайуанаттар бағы мен архив қызметкерлері, жалпы 200-ге жуық маман шетелде оқып келді. Мұның барлығы мәдениет саласының дамуына зор ықпал етеді», — деп айтылды Алматы қаласының Мәдениет басқармасында.

Алматы қаласының әкімдігі