18 маусымда Шымкентте ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 1-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында мерзімді қызмет сарбаздарына тегін негізде жоғарғы оқу орнына оқуға түсу туралы сертификаттар табысталды.
Айта кету керек, Шымкент жедел бригадасының 400-ге жуық әскери қызметшісі бағалы сертификаттар алуға үміткер болды. Тек 27-сі ғана жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды.
Бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және әскердің беделін арттыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.
Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.
— Сіздердің қызмет кезеңіңізде жауынгерлік сайысты орындау бойынша нәтижелерге қол жеткізілді және Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында бөлімнің алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер орындалды. Сіздер Отанның ұлттық және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қостыңыздар, барлық жүктелген міндеттерді абыроймен орындадыңыздар, — деді 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов өз сөзінде.
Білім сертификатының иегерлерінің бірі Ерасыл Бабан болды. Ол Абай облысының тумасы. Қызметтің 12 айында ол өзін жақсы жағынан көрсетті және әртүрлі жетістіктері үшін 739 ұпай жинады.
— Әскерде қызмет ету — әр адамның міндеті. Мұнда мен үздік әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында гранттар берілетінін білдім. Бұл тамаша мүмкіндік. Менің күш—жігерім жоғары бағаланды, мен Тәуелсіз Қазақстанымызды дамыту үшін міндетті түрде жоғары білім аламын, — деп уәде берді Ерасыл.
Айта кету керек, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен ЖОО-ға екі жыл ішінде түсе алады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі