Өскемен қаласында тамыз айының 20-24 күндері жағажай волейболынан жасөспірімдер арасында ел чемпионатымен қатар ел кубогі сарапқа салынды.Осы орайда, ұйымдастырылған құм үстіндегі волейболға республикадан мықты деп іріктелген спортшылар қатысып, өзара жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
2013-2014 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Түркістан облысының намысын қорғаған «Ақсу Жекпе-жек» спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шәкірті Жамшид Рахманқұлов командаластарымен жоғарғы дәрежеде ойын өрнегін көрсетіп, I орынды еншілеп, алтыннан алқа тақты.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының кубогінде 2010-2011жылдары туылған жасөспірімдер арасында Өскемен қаласы бойынша командалық ойында Жамшид Әлімжанов пен Алиасрор Юлдашев І орынды иемденіп, алтын алқа олжалады.
Ал, 2006-2007 жылдары туылған жасөспірімдер арасында командалық ойында Диербек Насирханов және Жасур Халматов Ақтау қаласының «Каспий» командасымен кездесті. Жарыс нәтижесінде ІІ орын бұйырып, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Республикалық жарыста облысымыздың, ауданымыздың намысын жоғары дәрежеде қорғаған шәкірттерімізді, бапкерлері Эляр Хамракулов пен Кабулжан Эгамбердиевті және жаттықтырушысы Шерзад Гуламовты жеңістерімен құттықтаймыз!
Туған жерге жеңіс жалауын желбіретіп оралған спортшыларды «Манкент» станциясында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даулетхан Алашбаев, бас маман Бек Саттаров, Ақсу жекпе-жек спорт клубының директоры Рашид Лапаев, №3 Сайрам аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мариф Абдишукуров ыстық ықыласпен қарсы алды. Жеңіске жетелеген бапкерлері мен жаттықтырушыларына, қолдау білдірген ата-аналарына алғыстарын айтты.