Сайрамда оқушыларға отбасылық құндылықтар терең түсіндірілді

Оқушыларға

Отбасы – қоғамның ең маңызды құрылымы. Отбасы құруда сенім мен жауапкершіліктің маңызы зор. Бүгінде отбасылардың бұзылуына түрлі әлеуметтік жағдайлар сеп болып жатады.

Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті.

– Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады. Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жыл сайын Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. Жалпы отбасы институтын нығайтуда, ата- аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруда, халықты мемлекеттік отбасылық саясат пен отбасылық құндылықтарды ілгерілетуде, отбасы мен некенің жағымды бейнесін қалыптастыруда, отбасындағы сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығын көрсете отырып, отбасы мәртебесін көтеруде бұл бағыттағы іс-шараларды жиі өткізудің мәні зор.

Осы орайда, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығында» «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру» тақырыбында Отбасы күні аталып өтті.

Маңызды мереке абыз ақсақалдардың ақ батасымен бастау алды. Келелі кездесуде оқушыларға алдыңғы буын аға-апалар мағынасы мол ақыл-кеңестерін айтты. Бұдан бөлек, олар өмірлік өз тәжірибелері мен отбасылық құндылықтарын бүгінгі жас ұрпақпен бөлісе отырып, отбасының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндірді.

Аталған іс-шараға ауданымыздың «Ардагерлер ұйымының» төрағасы мен ардагерлері, аудандық Аналар кеңесінің «Ақ әже» тобы және мектеп оқушылары қатысты.