Елімізде отбасы саясаты мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі құрамдас бөлігі болып табылады. Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Себебі, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды.
Түптеп келгенде ана тілімізге, халқымыздың ұлттық дәстүріне сыйластықпен, сүйіспеншілік қарау, Отанды сүю, оған қамқорлық көрсету – отбасында қалыптасады. Сол себепті де «Отан отбасынан басталады» деген даналықты халқымыз тектен текке айтпаған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №3827 Жарлығына сәйкес, қыркүйектің екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленген.
Осыған байланысты, 2024 жылғы 6 қыркүйек күні Шымкент қаласы аумағында «Менің отбасымның портреті» атты акция өткізілді.
Іс-шараның басты мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы ішіндегі құқық бұзушылықтарға жол бермеу, және қоғамдағы отбасының рөлін нығайту.
Бұл акция тұрмыстық қарым-қатынастағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Оның аясында отбасы мүшелері арасындағы ынтымақтастық пен түсіністікті арттыруға, сонымен қатар зорлық-зомбылықсыз қоғам құруға көңіл бөлінді.
Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Біз баршаңызды отбасының қоғамдағы рөлін нығайтуға және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты жою мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды қолдауға шақырамыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру – біздің ортақ міндетіміз. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын!