Бәйдібекте интернет сапасын жақсарту жұмыстары жүруде

Бәйдібекте

Мемлекет басшысы «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс» екендігін айтқан болатын. Осыған орай Түркістан облысында цифрландыру саласын дамытып, интернет желілерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков Бәйдібек ауданына іссапармен барып, базалық станциялардың жай-күйімен танысты.

Басқарма басшысы алдымен Мыңбұлақ, Бестоғай елді мекендеріне барып «Билайн», «Кселл, Актив» операторының базаларын көрді. Бұл жердегі интернет базалары елді мекенді толық қамти алмайды. Сол себепті «Билайн» операторына қосымша базалық станция салу және «Кселл, Актив» операторына байланыс стандартын күшейту тапсырылды.

Іссапар аудан орталығы Шаян ауылына жалғасып, тиісті сала өкілдерімен интернет желілерін дамыту мәселесі талқыланды. «Билайн» операторы тарапынан қосымша станция мұнарасы салынбақ. «Кселл, Актив» операторы қосымша антенна орнатқан. Бүгінде байланыс интернетін қосу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Ағыбет, Алғабас, Боралдай, Екпінді елді мекендерінде «Билайн», «Актив, Кселл» операторларының 4G стандартындағы байланыс пен интернеті қосылды. Ал Алғабас, Жамбыл, Көктерек, Бөген елді мекендеріне қосымша интернет станциясы салынбақ. Боралдай, Ақбастау, Алмалы, Ағыбет ауылдық округтерге талшықты-оптикалық интернет желісін тарту жоспарлануда.

Айта кетейік, Кеңестөбе, Ақбастау, О.Тайманов елді мекендерінде «Актив, Кселл» базалық станциясына техникалық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.