Түркістанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша педагогтардың жиыны өтті

педагогтардың жиыны

Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде қала педагогтарының қатысуымен маңызды жиын ұйымдастырылды. Оған Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы қатысып, білім беру қызметкерлерімен атом электр станциясын салу мәселесін талқылады. Жиынның мақсаты – Қазақстандағы атом электр станциясының қажеттілігін, артықшылықтары мен ықтимал қауіптері туралы пікір алмасу.

Жиналысты Оразкүл Шайхықызы ашып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес 6-қазан күні өтетін Республикалық референдум тақырыбында сөз сөйледі. Ол референдумда халық алдында тұрған маңызды сауал – «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» екенін айтып, бұл мәселеге қатысты әр азаматтың жауапкершілігін атап өтті.

Сондай-ақ, Ғаппар Амантайұлы да сөз алып, атом электр станциясын салудың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экономикалық дамуына тигізер ықпалы туралы кеңінен түсіндірді. Ол жиналғандарды референдумға қатысуға, елдің болашағы үшін өз дауысын беруге шақырды. Педагогтар арасында пікірталас тудырған бұл мәселе, әсіресе, жастардың арасында маңызды болып табылады, өйткені атом энергиясы экологиялық тұрғыдан таза әрі тиімді шешім ретінде қарастырылады.

Жиын барысында педагогтар ғылыми тұрғыда атом электр станциясының тиімділігін зерттеуге арналған баяндамалар жасады. М.Пошанов атындағы №21 жалпы білім беретін мектептің физика пәні мұғалімі Айдар Исабеков «Электр энергиясы кеше, бүгін, ертең» тақырыбында баяндама жасап, электр энергиясының қажеттілігі мен оның қоғамдағы рөлін талдады. С.Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының физика пәні мұғалімі Арайлым Қарабалаева «АЭС құрылысы — энергетикалық қажеттілік» тақырыбында өз пікірін білдіріп, атом электр станциясының құрылысын заман талабына сай қажеттілік ретінде көрсетті. Сонымен қатар, «Тұлға» жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Хайрат Самат «Атом электр станциясы – энергетикалық игілігі ме, әлде экологиялық апат па?» тақырыбында баяндама жасап, атом энергиясының экологиялық әсерлері мен болашағы жөнінде терең талдау жасады.

Атом электр станциясының құрылысы еліміздің энергетикалық қуатын арттыру мақсатында жоспарланып отыр. Бұл мәселе көптен бері зерттеліп, шетелдік тәжірибелер негізінде әзірленіп жатқан шаруа. Жиын барысында педагогтар өзара пікір алмасып, АЭС-тің тиімділігі мен экологиялық әсерлері жөнінде көпшіліктің ойларын тыңдады. Қатысушылар арасында АЭС салудың экономикаға, экологияға және энергетикалық тұрақтылыққа әсері жөнінде пікірталас өрбіді.

Алайда, қорытынды шығару әр азаматтың өз қолында екендігі белгілі. Бұл референдумда халықтың белсенді қатысуы, сондай-ақ олардың пікірлері мен ұсыныстары елдегі маңызды шешімдерді қабылдауда ескерілуі тиіс. Бүгінгі жиын Түркістан педагогтарының білім беру жүйесіндегі белсенділігін, еліміздің болашағына қатысты мәселелерді талқылаудағы жауапкершілігін көрсетті. Педагогтардың осы жиналысы арқылы қоғамның атом энергиясына қатысты көзқарасы мен білім алушылардың дұрыс ақпараттандырылуының маңызы арта түседі.

Болашақта еліміздегі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экологиялық қауіпсіздікті сақтау мақсатында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша зерттеулер мен талқылаулар жалғасатын болады. Жиынның мақсаты – педагогтар мен қоғам мүшелерінің арасында осындай ауқымды мәселелерді талқылау, пікір алмасу арқылы қоғамның пікірін қалыптастыру.