Энергетикалық қауіпсіздік – кез келген мемлекеттің дамуындағы басты стратегиялық міндеттердің бірі. Қазіргі таңда әлем елдері жаңа энергия көздерін іздестіріп, экологиялық таза әрі тиімді энергетикалық шешімдерге басымдық беруде. Осы орайда Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға бет бұруы – елдің тұрақты дамуы мен энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы саналады. Бүгін Түркістан облысының жедел жәрдем бөлімінде өткен кездесуде, АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшелері атом энергетикасының ел экономикасына тигізетін әсері мен оның келешегіне қатысты ойларымен бөлісті.
Жиын барысында Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев АЭС салу бастамасының мәні мен оның энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. Ол: «Еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін ойласақ, АЭС салудың маңызы зор екенін түсінуіміз керек. Энергия көзі жеткілікті болған жағдайда ғана өндірістің көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады», – деп, атом энергетикасының ел дамуына қосатын үлесіне тоқталды. Өндірістің тұрақты жұмыс істеуі мен халықтың тұрмыс деңгейінің артуы үшін энергия тапшылығы мәселесін шешу – уақыт талабы.
Кездесуде мәслихат депутаты Аманжол Данаханұлы да тұрғындар арасында жиі талқыланып жатқан мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, АЭС құрылысына қажетті мамандардың бар-жоғы туралы сұрақтарға жауап берді. Ол елімізде атом саласында жұмыс істейтін ғалымдар мен инженерлердің бар екенін, бұл сала бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін арнайы мекемелердің қызмет атқаратынын мәлім етті. Оның айтуынша, Курчатовта Ұлттық ядролық орталық пен Алматыдағы Ядролық физика институты АЭС құрылысының ғылыми-техникалық негізін қамтамасыз етуде. Аталған мекемелер Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігінің бақылауымен жұмыс істеп, Қазақстанның атом энергетикасына қатысты жобаларының қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуде.
Жиынға қатысқан ақ халатты қызметкерлер де бастаманы бірауыздан қолдап, атом энергетикасының ел экономикасына үлкен серпін беретінін атап өтті. Кездесуге қатысушылардың пікірі бойынша, атом энергиясы – болашақта Қазақстанды энергетикалық тәуелсіздікке жеткізетін маңызды қадам. Елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқаты энергия көздерінің жеткілікті болуына тікелей байланысты. Тиісінше, АЭС салу арқылы Қазақстан өз болашағына салынған инвестицияларды арттырып, жаһандық энергетикалық нарықта өз орнын нығайтуға мүмкіндік алады.
Энергетика ел дамуының қозғаушы күші болғандықтан, бұл салаға қатысты әрбір шешім елдің болашағына тікелей әсер етеді. Осы ретте, АЭС салу мәселесі тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың да әл-ауқаты мен тұрақтылығына кепіл болмақ.