Түркістан қаласының білім бөлімі мен облыстық білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған пікірсайыс турнирі оқушылардың ой ұшқырлығын дамыту, өз пікірлері мен ұстанымдарын ашық жеткізе білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізілді. Пікірсайыс – жастардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, ой-өрістерін кеңейтетін маңызды алаң. Осыған орай, Түркістан қаласында өткен пікірсайыс турнирі қаламыздағы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін ерекше мүмкіндік болды.
Турнир Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінде өтті. Оған Түркістан қаласындағы мектептердің 9-10 сынып оқушылары қатысып, өздерінің пікірсайыс дағдыларын паш етті. Байқау барысында оқушылар үш бағытта жарысты. Пікірсайыс арқылы оқушылардың логикалық ойлау, талдау және ақпаратты жеткізу қабілеттері сыналды. Турнирдің ұйымдастырушылары қатысушыларды әртүрлі тақырыптар бойынша ой бөлісуге шақырды, осылайша, жастардың сыни пікір айтуға және тыңдау мәдениетін дамытуға мүмкіндік берілді.
Турнирдің нәтижесі бойынша «Қазақ лигасы» бойынша Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектебінің «Жалынды жастар» фракциясы жеңімпаз атанды. «Орыс лигасынан» Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының «Ұшқыр ой» фракциясы жеңіске жетті. Ал «Ағылшын лигасында» М.Жұмабаев атындағы №15 мектеп-гимназиясының «Sun Say» фракциясы үздік нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Түркістан қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Мұндай марапаттау оқушылардың жетістіктерін мойындап, олардың бойында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді.
Турнирдің қорытындысымен сөз алған Түркістан қаласы білім бөлімінің әдіскері М.Искакова жас пікірсайысшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Оның айтуынша, пікірсайыс турнирлері – жастардың сөйлеу мәдениетін, өз пікірін қорғау қабілетін дамытуға және қоғамда белсенді болуға жол ашады. Жас буынның дәлелдермен сөйлей білуі, өз көзқарастарын ғылыми негізде қорғауы өте маңызды.
Бұл пікірсайыс турнирі оқушылар үшін жаңа тәжірибе мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді. Қатысушылар әртүрлі тақырыптар бойынша өздерінің көзқарастарын білдіріп, пікірталас мәдениетін дамытуға атсалысты. Жастардың белсенділігі мен қызығушылығы, олардың сыни ойлау қабілеттерін арттыруға мүмкіндік берді. Осындай турнирлерді өткізу арқылы білім беру мекемелері жас ұрпақтың тұлғалық дамуына ықпал етеді, оларды қоғамға жауапты азаматтар ретінде тәрбиелейді.
Түркістандағы пікірсайыс турнирі – бұл жастардың интеллектуалдық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан дамуына зор мүмкіндік туғызатын бірегей алаң. Алдағы уақытта да осындай шаралардың ұйымдастырылуы жас буынның рухани байлығын арттыру, патриотизм мен ұлттық сана-сезімді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жастардың пікірсайыс алаңында алдағы уақытта да белсенді қатысатындығына сеніміміз мол.