Радиобайланыстың қасиеті — әуе толқындар арқылы хабарларды аса шалғайға сымсыз әдісімен жеткізуге болады.
Бүгінде Сайрам ауданы орталығы мен ауданға қарасты барлық ауылдардағы қоғамдық орындарда, орталық көшелерде, мәдениет ошақтарында «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы іске қосылып тұр. Елімізде Қазақ радиосы өзінің ғасырлық тарихында тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы. Ол қазақ мәдениетін сыр-жұмбаққа толы сұлу тұрпатында жеткізіп, ән-әуезге малынған алуан үндестікті сұңғыла сөзбен суреттеп келеді. Қазақ радиосының «Алтын қоры» ұлтымыздың халық ауыз әдебиеті және дала әуезі үндескен дәстүрлі әндеріне бай. Шалқар радиосыда республикадағы тек қазақ тілінде хабар тарататын радионың бірі. Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,4 пайызына тарайды. «Шалқар» ұлттық арнасының басты мақсаты — қазақ халқының ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттау.
Бұдан бірер ай бұрын Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің тапсырмасына сәйкес, қолға алынған қазақтың үнжариясын тұрғындар күнделікті тыңдап келеді.
Айта кетейік, аудан аумағындағы радиотолқын желілері тұрғындарға мемлекеттік тілде тәулік бойы елден және аймақтан ақпараттар таратады. Бұдан бөлек, тұрғындар әуелеген ән мен күмбірлеген күй тыңдап, рухани дүниелермен сусындауда.