Гендерлік саясат — қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Бұл — қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет екені белгілі.
Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті — отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру.
Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» атты заңдармен реттеледі. Бұл заңдар азаматтардың мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Отбасым – бақыт мекенім» тақырыбында әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуге Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы Нұрсұлу Бауыржанқызы ,Республикалық әйелдер кеңесінің мүшесі Айнұр Серікқызы Жугунусова , «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы Жандосова және Шымкент қаласының Абай ауданы Жиделі елді мекенінің «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Орынша Кенжебекқызы Таджибаева, Жастар ресурстық орталығының басшы орынбасары Әлжан Аружан Русланқызы қатысты.
Кездесу барысында отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің қоғамдағы рөлі, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Бұл іс-шара отбасын қолдаудың маңыздылығын арттырып, қоғамдағы әйелдердің ықпалын күшейтуге бағытталды. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер- азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халықаралық ареналарда әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Жалпы, әйел заты қазақ қоғамында қашанда ардақты саналған.