Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының соңғы жексенбісі «29 қыркүйек — Еңбек күні» мерекесі атап өтілді.
Осы күн «Қызмет» салалық кәсіподағының әлеуметтік әріптесінің бірі — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаевтың 63 жасқа толған күніне тұспа-тұс келді.
Осыған байланысты «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалы мен Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының ұжымы Әбдібақыт Тілләбайұлын 63 жасқа толған мерейтойымен және абыройлы еңбек жолдарында бейнет жасап, зейнеткерлікке шығу сәтімен құттықтады.
Әбдібақыт Тілләбайұлы өзінің бойында туа біткен дарындылығы мен азаматтығының арқасында өрісі биіктеп, еліне елеулі еңбек сіңіріп, рухани тұлғасының шырқау биігіне көтеріліп, Еліміздің, оның ішінде Оңтүстік өңірінің мақтанышына айналды.
Еліміз Тәуелсіздіктің туын көтерген кезеңнен бері ол жас мемлекетіміздің құндылықтарын қалыптастыруға, мемлекет құру ісіне, оның саясатына белсене араласып, қандай да болмасын істерге жанашырлықпен, біліктілікпен, ұлтжандылықпен үлес қоса білді. Батылдығы, өткірлігі, іскерлігі мен бастамашылдығы өзіне ғана тән жаратылыс. Оның бойында нағыз қазақтың бойына лайықты, өзгеге өнеге әрі үлгі боларлықтай асыл қасиеттері бар.
Мемлекеттік қызмет жолында Шымкент облысының Ленин аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, әрі қарай Шымкент облыстық комсомол комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, Қазығұрт және Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының бірнеше басқармалары мен департаменттерінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарумен қатар, үлгі тұтатын шәкірттер дайындады.
Табысты еңбектерінің арқасында бірнеше мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталып, Оңтүстік өңірінің бірнеше аудандарының «Құрметті азаматы» атақтарына да ие болды.
Барлық атқарған қызметтерінде елдің ықыласына бөленіп, соңында тарихи ізін қалдырған тұлға.
Еселі еңбектері ескеріліп, «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі тарапынан Әбдібақыт Тілләбайұлы Мақұлбаевқа «Үздік әлеуметтік әріптес» медалі мен «Елеулі еңбегі үшін — Еңбек даңқы» ордені табысталды.