Түркістан облысында кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес, әлеуметтік саладағы кемшіліктерді жою бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Әлеуметтік салаға бөлінген қаржыны өз мақсатында тиімді жұмсау, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің жолын кесу үшін мониторингтер мен тексерулер жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, осы бағыттағы жұмыстар талқыланды. Жауапты басқарма мен мекеме басшысының есептері тыңдалды.
2024 жылдың 9 айының қорытындысымен халықты жұмыспен қамту және кедейлік деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, облыс әкімімен бекітілген 2024 жылғы «Өңірдің жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланды. Оның ішінде 74,1 мың адамды тұрақты жұмыс орындарына, 44,8 мың адамды уақтыша жұмыс орындарына орналастыру көзделген. 2024 жылдың 3 тоқсанындағы дерек бойынша 88,9 мың адам Өңірлік карта аясында жұмыспен қамтылды, оның ішінде 46,2 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 42,7 мың уақытша жұмыс орындары ашылған. Жоспар бүгінде 74,8% орындалып отыр. Жұмысқа орналасқандардың 96 пайызымен электрондық келісімшарт түзіліп, жалпы 85,7% зейнетақы аударымдары төленген.
2024 жылы облыс бойынша «Еңбек» бағыты аясында 98,2 мың адамды жұмыспен қамту шараларына жолдау жоспарланып, нақты 69,4 мыңнан астам азамат қамтылған. Жылдық жоспар 70,7 пайызға орындалды. Оның ішінде 27,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жиында «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Абзал Казанкапов «Еңбек мобильділігі» мен «Мансап» орталықтарына жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады. 2024 жылдың ақпан айында субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру барысында қаржыны жымқыру фактілері анықталды. Бұл ретте, Орталық тарапынан анықталған фактілер Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ұсынылып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, заң бұзушылықтарды жою бойынша бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 82,8 млн. теңге (52%) бюджетке кері қайтарылды. Құзырлы органдардың ұсынымын қарау барысында заң бұзушылыққа жол берген «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Мансап» орталықтарының 43 қызметкерінің тәртіптік жауапкершіліктері қаралған. Оның ішінде 16 қызметкер жұмыстан босатылған.
Өңірде мемлекет қаржысының мақсатты жұмсалуы мен заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, субсидияланған жұмыс орындарына жолданған азаматтардың еңбек тәртібін сақтауына мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт аудандары мен Түркістан қаласы бойынша жұмысқа жолданған азаматтарға қоңырау шалу арқылы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, зерделеумен қамтылған 4422 азаматтың 620-сы жұмыс орны, атқаратын жұмысы, еңбек ақы көлемі туралы мардымды жауап бере алмаған. Жұмыстан шығарылған.
Жыл басынан жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жұмыс орындарына қабылданған 30,2 мың адамның ішінде 1309 адамға (4,3%) еңбек тәртібін сақтамағаны үшін келісімшартты тоқтату шешімі қабылданды. Тиісінше, аталған жұмыс берушілермен келісімшарт бұзылып, жалған қатысушылардың еңбекақысы төленбей, бюджет қаржысы үнемделді.
Жиынды қорытындылаған Бейсенбай Тәжібаев жауаптыларға күн тәртібіндегі 2 мәселе бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Жұмыспен қамту шараларын ширату, мемлекет қаржысын мақсатты жұмсау, еңбекпен қамтылған тұрғындардың жұмыстарына келуін қадағалау, міндетті зейнетақы жарналарын төлеуін назарға алуды жүктеді. Аудан, қала әкімдері орынбасарлары мен әлеуметтік салаға жауапты басшыларға өз міндеттерін адал, сапалы атқару керектігін ескертті.