Бүгінгі таңда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциясын құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғысынан ғана қарау мүмкін емес. Азаматтық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктіру, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың халықаралық тәжірибесі мен барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйекте ««Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда елімізді одан әрі нығайту бойынша мәселелер белгіленген және ел экономикасын көтеру, халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша жаңа міндеттер қойылған. Ал ең бастысы Ел Президенті «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізген жөн деп санаймын»-деп еліміздің дамуына, өркендеп, көркеюі жолында тұсау болатын сыбайлас жемқорлықты жою жолында аянбай еңбек етуді тапсырды.
Бұл жолда әсіресе сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.
Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті ұйымдастырған оқыту семинары жергілікті комплаенс қызметкерлеріне арналды. Бұл семинар квазимемлекеттік сектордың комплаенс офицерлерінің қатысуымен өтті.
Комплаенс қызметтері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйенің маңызды бөлігін құрайды, олардың міндеті – заң үстемдігін, өзара сенім мен ашықтықты қамтамасыз ету. Шымкент қаласы әкім аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев бұл бағыттағы жұмыстарды атап өтіп, семинардың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Ол комплаенс офицерлерінің белсенді жұмысы жемқорлық фактілерін азайтуға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Семинар барысында квазисектор саласында қоғаммен байланыс орнатудың тиімді коммуникация дағдылары мен жобалық менеджмент жүйесін енгізудің маңызы туралы тақырыптар талқыланды. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент филиалының доценті Сәуле Рысбаева коммуникация дағдыларының әдіс-тәсілдерін түсіндіріп, қазіргі таңда ашықтық пен айқындық қағидаларының өзектілігін атап өтті.